Медицина • 28 Наурыз, 2018

Елімізде қағазсыз медицина жолға қойылады

527 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі күні еліміздің барлық аймақтарында 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді жаңа заманға лайықты технологияларды адам тұрмысын жеңілдетуге қолдану міндеті тұрғанда одан денсаулық сақтау саласының да шеттеп қалмайтыны түсінікті. Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің қатысуымен медицинаны цифрландыру жөнінде семинар-кеңес өтті.

Елімізде қағазсыз медицина жолға қойылады

Отырыс барысында мәлім болғандай, қазіргі таңда еліміз бойынша мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін 900-ден астам медициналық ұйым цифр­ландыруға көшу аясында нау­қас туралы жазба жүргізуде қағаз­сыз форматқа көшуі тиіс. Рес­пуб­ликалық электронды денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішевтің айтуынша, қазіргі уақытта дәрігерлер бір деректі 3 реттен жазуға мәжбүр, алдымен қағазға түсіреді, одан денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелеріне және денсаулық мекемесінің ішкі ақпараттық жүйесіне енгізіп, қыруар уақытын кетіреді. Ал цифрлы жүйе қолданылса, мұның бәрінен арылып, тіпті жаңадан жұмысқа келген дәрігердің өзі алдына келген пациенттің ауру тарихын сұрастырып отырмайды.

Барлық мәліметті интернет арқылы ЖСН мен цифрлы қолтаңба бо­йынша Қазақстанның кез келген нүктесінде, тіпті шет мемлекетте де алуға болады. «Қазір төрт өңір­де қанатқақты жоба ретінде қағаз түріндегі есеп үлгісін алып таста­дық. Жеке медициналық ақпарат­тық жүйелермен интеграция жүр­гіздік. Дәрігер бір рет қана деректерді енгізеді, бұл «бір терезе» арқылы денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсіп отырады», деп атап өтті О. Әбішев. 

Орталық басшысының айтуынша, 2018 жылдың соңына дейін барлық ұйымдар науқас туралы жазба жүргізуде қа­ғаз­сыз форматқа көшуі пациент­пен бірге амбулаториялық кар­та, дәрігер жолдамасын жә­не дәрілер тізімін алып жүру қа­жет­тілігін жояды. 

Әрине өмірді сапалы дең­гейге көтеретін жаңа техноло­гия­ларды пайдаланудан кім қаш­сын?! Алайда еліміз бойын­ша әлі де интернет түгіл, қара­пайым байланыспен, қажетті дәрігер мамандармен, аспап-құ­ралдармен жабдықталған жібі түзу денсаулық сақтау орындарымен қамтылмаған қаншама елді мекендер бар? Дегенмен Үкі­мет бұл мәселелер бойынша нақ­ты қадамдар ойластырған екен. Жыл соңына дейін медици­налық ұйымдар компьютермен жаб­дықталып, ақпараттық жүйе­лермен қамтамасыз етіледі. Бірақ шалғай ауылдарда ор­наласқан медициналық және фельдшерлік пункттерді интернет желісіне қосуда бірқатар қиын­дықтар барлығы айтылды. Бұл мәселені «Қазақтелекоммен бірле­се шешуді көздеп отырмыз. Жос­парға сәйкес, 2020 жылға дейін барлық медициналық және фельд­шерлік пункттер, әсіресе ОҚО, СҚО, ШҚО ауылдары интер­нет желісіне қосылады. Қазір өңір­лерді есептеп жатырмыз», деді орталық басшысы.

Соны­мен бірге отырыста пациент­тің өз денсаулығы туралы деректі дәрігерге үйден шықпай-ақ, мо­бильді қосымша арқылы жіберу мәселесі сөз болды. Бұл созылмалы аурумен ауыратындар үшін өте тиімді болмақ. Және ем­деумен қатар сауықтыруды жүр­гізуде де цифрлы медицина көмегі айтарлықтай екені әңгі­меленді. Одан бөлек, қағаз карталар бойынша жұмыстардың екі кезеңде жүргізілетіні хабарланды. «Биылдан бастап, нау­қастарды толық цифрлы форматта қабылдауды бас­таймыз. Екіншіден, қағазда жазылған деректерді цифрландырамыз.

Әрине деректерді 100 процент цифрландыру мүмкін емес. Кей жағдайларда қағаз ескірген, кей тұсында дәрігерлердің жазуы түсініксіз. Суретке түсіру оңай, ал мәтінді машина оқи алатындай етіп ажырату қиын. Бұл бағыт бо­йынша да жұмысты бастадық. Жыл соңына дейін қандай да бір шешім қабылданады. Тағайындауларды жоғалтып алмау үшін бірнеше нұс­қаны әзірледік, сканерлеуді де, жазба жұмыстарын да қатар жүр­гізіп жатырмыз», дейді мамандар.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»